
2025 жылы Қазақстанда виртуалды мұражайлар желісін — E-museum веб-порталын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева хабарлады.
Министрдің айтуынша, веб-портал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұражай қорының каталогын үздіксіз цифрлық форматта жүргізуді қамтамасыз етеді. Бұл озық халықаралық тәжірибе негізінде жүзеге асады:
«Кез келген елдің қолданушылары 3D-модельдер арқылы біздің мәдени мұрамыздан ләззат алуы үшін визуалды және интерактивті технологиялар енгізіледі», — деді министр.
Сондай-ақ Қазақстандағы барлық мұражайлар ұсынған ақпаратты сапалы әрі толық жинау көзделіп отыр.
Білім мен қоғамдық мұраға ашық қолжетімділік — бүгінгі күннің жаһандық үрдісі. Бұл бағытта көптеген мұражайлар да өз үлесін қосуда. Қазіргі таңда әлемдегі жүзге жуық әйгілі мұражай виртуалды экскурсиялар ұсынады.
Олардың қатарында Париждегі Лувр, Лондондағы Табиғат тарихы мұражайы, Санкт-Петербургтегі Эрмитаж, Нидерландыдағы Ван Гог мұражайы, Нью-Йорктегі Метрополитен өнер мұражайы және тағы басқа мекемелер бар.
Бұл бастама қысқа мерзім ішінде сапалы жүзеге асады деген үміт бар. Ол арқылы әлем жұртшылығы мен қазақстандықтар еліміздің мәдениеті мен тарихын тереңірек тани алады.