Скопировано

Алматы БҰҰ цифрлық шешімдерінің хабы болады

28.04.2026 19:34:00
Дата публикации
Бангкокта өткен БҰҰ Азия және Тынық мұхиты бойынша Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) 82‑сессиясында 52 мүше мемлекет бірауыздан Алматыда Тұрақты даму үшін цифрлық шешімдер жөніндегі Азия‑Тынық мұхиты орталығын құру туралы қарар қабылдады.

Орталық Жапония, Қытай, Корея, Үндістан және Ирандағы ұқсас құрылымдармен қатар ЭСКАТО‑ның алтыншы институты болады.

Орталық БҰҰ аясындағы бейтарап халықаралық платформа ретінде мемлекеттік қызметтер мен қоғамдық сервистердегі цифрлық шешімдермен алмасуға арналған.

Қазақстанның ЭСКАТО жанындағы тұрақты өкілі Марғұлан Баймұханның айтуынша, қарар бес жылдан астам жүргізілген келіссөздердің нәтижесі. Осы уақыт ішінде жеті зерттеу жүргізіліп, үш аралық қарар қабылданды. Маңызды кезеңдердің бірі 2024 жылы Астанада өткен цифрлық инклюзия конференциясы болды.

Бастамаға Әзербайжан мен Қытайдан бастап Фиджи мен Шри‑Ланкаға дейінгі көптеген елдер қосылды.

Алматыдағы орталық ЭСКАТО‑ның ең ірі институтына айналады, жобалық сыйымдылығы 130 адамға дейін. Үздік цифрлық тәжірибелердің депозитарийі құрылып, ерекше назар ең аз дамыған елдерге, теңізге шыға алмайтын мемлекеттерге және шағын аралдық елдерге аударылады.

Қазақстан үшін бұл технологияларды, сараптаманы және мамандарды тартуға, сондай‑ақ IT саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік.

Министрліктің пікірінше, бастама отандық цифрлық шешімдерді экспорттауға және халықаралық қаржы институттарының ресурстарын тартуға жағдай жасайды.